Accessibility links

Әбіқаев волейбол федерациясы басшылығынан түсті, орнына министр Тәкиев келді


Нұртай Әбіқаев Қазақстан волейбол федерациясы конференциясында отыр. Алматы, 27 қазан, 2024 жыл. Фото volley.kz сайтынан алынды. Авторы: Павел Михеев.
Нұртай Әбіқаев Қазақстан волейбол федерациясы конференциясында отыр. Алматы, 27 қазан, 2024 жыл. Фото volley.kz сайтынан алынды. Авторы: Павел Михеев.

Қазақстан волейбол федерациясын 26 жыл үздіксіз басқарған Нұртай Әбіқаев орнынан түсті. 27 қазанда Алматыда федерацияның конференциясы өтіп, онда ұйымның жаңа президенті сайланды. Әбіқаевты алмастырған қаржы министрі Мәди Тәкиев федерацияны 2024-2028 жылдар аралығында басқармақ.

46 жастағы Тәкиев биыл ақпанда қаржы министрі лауазымына тағайындалғанға дейін парламент мәжілісі депутаты болған.

Қазақстан волейбол федерациясы жетекшісін сайлауға 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының өкілдері, федерация жетекшілері қатысқан. Тәкиевтің кандидатурасын 64 делегаттың 43-і қолдап дауыс беріп, 11-і қалыс қалды деп хабарлады федерация.

Жергілікті сайттардың жазуынша, бұл сайлауға үш үміткер түскен, олардың қатарында 20 жылдан астам уақыт Алматы облысы басшылығында болған Амандық Баталов та бар. Екіншісі – волейболшы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытжан Байтөреев.

Министр Тәкиев Әбіқаевқа федерацияның құрметті президенті болып, оның қамқоршылық кеңесін басқаруды ұсынған. Ақпаратқа қарағанда, Әбіқаев келіскен.

77 жастағы Нұртай Әбіқаев ондаған жыл бойы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы сенімді серіктерінің бірі болды. Әуелі Назарбаевтың көмекшісі болып, кейін әкімшілігін басқарған. Елдегі ең ықпалды қызмет – ҰҚК-ні екі рет басқарып, президенттен кейінгі екінші жоғары лауазым – сенат төрағасы болды. Әбіқаев Қазақстанның Ресейдегі елшісі, Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болған. Жұрт арасында ол "Назарбаевтың сұр кардиналы" деп аталатын.

Әбіқаев әр жылдары шетелдегі қазақтар мен оралмандарға көмек көрсету үшін құрылған "Отандастар" қорын, Қазақстан гольф федерациясын басқарған.

1998 жылы Қазақстан Солтүстік Кореяға ескі әскери ұшақтарды жасырын сатқаны әшкере болып, халықаралық жанжалға қалғаннан кейін ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Нұртай Әбіқаев пен қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев қызметтерінен босатылған. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев бір сұхбатында Назарбаев Әбіқаев пен Алтынбаевты Батыстың қысымынан кейін босатты деп айтқан. Бірақ көп ұзамай екеуі де жоғары лауазымды қызметке қайта оралған. Ал даулы ұшақ сатудан түскен көлденең табыс кімнің қалтасына кеткені сол күйі белгісіз болып қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG