Accessibility links

Билеуші партия сайлауда жеңгенін жариялап, оппозиция мойындаудан бас тартты, ЕҚЫҰ миссиясы кемшіліктерді атады


Миллиардер Бидзина Иванишвили (сахнада) өзі негізін қалған "Грузин арманы" партиясы жақтаушылары алдында сөйлеп тұр. Тбилиси, 26 қазан, 2024 жыл
Миллиардер Бидзина Иванишвили (сахнада) өзі негізін қалған "Грузин арманы" партиясы жақтаушылары алдында сөйлеп тұр. Тбилиси, 26 қазан, 2024 жыл

Биліктегі "Грузин арманы" партиясы парламентте орындардың жартысынан көбін иеленгенін жариялады. Оппозиция сайлаудың ресми нәтижесіне келіспейтінін мәлімдеді. Грузия президенті де қарсылық білдіріп, жұртты жаппай акцияға шақырды. Халықаралық және жергілікті бақылаушылар сайлауға бағасын берді.

БИЛІК ПАРТИЯ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Грузияның орталық сайлау (ОСК) комиссиясы сайлау учаскелерінен түскен дауыс есебін санау жұмысын аяқтап, парламент сайлауының алдын ала қорытындысын шығарды.

ОСК дерегі бойынша, 3111 сайлау уческесінің 3109-ында (99,93%) сайлау бюллетендері толық саналып біткен. Ал қалған екеуіне келсек, Марнеулидегі сайлау учаскесінде дауыс беру қорытындысы жойылды, ал Душетиде хаттама толтырылған жоқ деп мәлімдеді ОСК төрағасы Георгий Каландаришвили.

Бұл жолы Грузия азаматтары ұлттық парламентті бұрынғыдай аралас жүйе емес, толық пропорционал жүйе бойынша дауыс беріп сайлады.

Сайлаудың ресми алдын ала қорытындысына сәйкес, "Грузин арманы" партиясы 53,92 пайыз дауыспен бәсекелестерінің бәрінен озған. Ресейде бизнес жүргізіп байыған миллиардер Бидзина Иванишвили негізін қалған "Грузин арманы" партиясы кейінгі 12 жылдан бері Грузияда билік басында отыр.

Биліктегі "Грузин арманы" партиясының жақтастары дауыс беру аяқталғаннан кейін жарты сағаттан соң, сайлау қорытындысы шықпай жатып жеңісін тойлауға кірісіп кетті. Тбилиси, 26 қазан, 2024 жыл.
Биліктегі "Грузин арманы" партиясының жақтастары дауыс беру аяқталғаннан кейін жарты сағаттан соң, сайлау қорытындысы шықпай жатып жеңісін тойлауға кірісіп кетті. Тбилиси, 26 қазан, 2024 жыл.

Парламентке бес пайыздық межені еңсерген батысшыл төрт оппозициялық күш: "Өзгерістер үшін коалициясы" (11,04 пайыз), "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы (10,16 пайыз), "Қуатты Грузия" (8,8 пайыз) және "Гахария Грузия үшін" партиясы (7,8 пайыз) да өтті. Оппозициялық партиялар дауыс беру қорытындысы бұрмаланды деп отыр.

Сонымен, сайлаудың ресми қорытындысына сай, 11-шақырылымдағы Грузия парламентіндегі 150 орынның 89-ы "Грузин арманы" партиясының еншісіне тисе, "Өзгерістер үшін коалициясы" – 18, "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы – 17, "Қуатты Грузия" – 14, "Гахария Грузия үшін" партиясы – 12 орын иемденеді.

ОСК-ның алдын ала мәліметіне сәйкес, шетелде ашылған 67 сайлау учаскесіндегі дауыс беру қорытындысы бойынша, оппозициялық "Өзгерістер үшін коалициясы" бірінші тұр, оған сайлаушылардың 33,32 пайызы қолдау білдірген. Шетелде дауыс бергендердің 13,33 пайызы "Грузин арманына" дауыс беріп, биліктегі партия төртінші орын иеленді.

Елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе бұған қатысты шетелде тұратын Грузия азаматтары елдің қалай дамып жатқанын толықтай білмей отыр мәлімдеді.

"Жалған ақпарат, пропаганда жүріп жатыр. Елде не болып жатқанын көзіңізбен көрмесеңіз, онда сол үгіт-насихаттың ықпалына оңай түсуіңіз мүмкін", – деді Кобахидзе.

"Грузин арманы" партиясы Тбилиси мен елдің басқа да ірі қалаларында көп дауысқа қол жеткізе алмады деген ақпарат айтылды.

СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРГЕН КЕМШІЛІКТЕР

Грузияда 26 қазандағы парламент сайлауына дауыс беру "тең жағдайда өтпеді, қысым мен шиеленіскен ахуалдың көлеңкесінде қалды". Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), Еуропа кеңесі, Еуропарламент және НАТО-ның бірлескен халықаралық бақылаушылар миссиясы мәлімдемесінде осылай деп айтылған.

Грузиядағы парламент сайлауын бақылаған ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) миссиясы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Тбилиси, 27 қазан, 2024 жыл.
Грузиядағы парламент сайлауын бақылаған ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) миссиясы баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Тбилиси, 27 қазан, 2024 жыл.

Бақылаушылардың мәлімдеуінше, жалпы дауыс беру процесі жақсы ұйымдастырылған, бірақ "шиеленіскен жағдай" мен "тең емес ойын шарттары" сайлау нәтижесіне деген сенімге селкеу түсіреді. Бақылаушылар Грузиядағы сайлау процесі халықаралық демократиялық принциптерге жеткілікті дәрежеде сай болған жоқ деп есептейді.

ЕҚЫҰ дауыс сатып алу, екі рет дауыс беру, күш көрсету және қорқытып-үркіту сияқты сайлау кезінде тіркелген заңсыз жайттарды айыптады.

Еуропарламент делегациясының басшысы Антонио Лопес-Истурис Уайт Тбилисидегі баспасөз мәслихатында биліктегі "Грузин арманы" партиясы сайлау қарсаңында дұшпандық риторика қолданып, "ресейлік жалған ақпараттар" мен "дауыс беруді бұзу және манипуляциялау" талпыныстары туралы түрлі астыртын теория жайында хабар таратты деді.

ЕҚЫҰ миссиясының жетекшісі Паскаль Ализар сайлаушылардың көбі дауыс берді, әртүрлі саяси партиядан бақылаушылар да көп болды деді, ол мұны жүйенің өскен және дамыған белгісі деп санайды. "Демократия сөзсіз дамып жатыр", – деді Ализар Азаттықтың Грузин қызметіне.

ОППОЗИЦИЯ МОЙЫНДАМАЙТЫНЫН АЙТТЫ

Бұған дейін оппозиция күштері сайлауға дейін және сайлау күні заңсыздықтар болғанын алға тартып, ресми қорытындыны мойындаудан бас тартқан. Оларды дауыс беру кезіндегі бұрмалаушылықтар, күш қолдану, әкімшілік ресурсты пайдалану, сайлаушыларды сатып алу сияқты фактілерді алға тартқан жергілікті коммерциялық емес ұйымдар қолдады.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили қазіргі сайлау қорытындысын "толықтай бұрмаланған" деп атады.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили (ортада) мен оппозициялық партия өкілдері брифингте тұр. Тбилиси, 27 қазан, 2024 жыл.
Грузия президенті Саломе Зурабишвили (ортада) мен оппозициялық партия өкілдері брифингте тұр. Тбилиси, 27 қазан, 2024 жыл.

"Ресейдің халқымызға, елімізге қарсы арнайы операциясының, гибрид соғысының куәсі және құрбаны болдық", – деді президент Зурабишвили. Ол сайлау қорытындысына келіспейтіндердің бәрін 28 қазан кешке ел астанасындағы Руставели даңғылына акцияға шығуға шақырды.

Премьер-министр Кобахидзе президент қарсылығына қарамастан, үкімет қайта жасақталып, парламент өз жұмысын бастайды деп мәлімдеді. Ол оппозицияның жаңа парламент жұмысына кедергі келтіретін ресурсы жоқ деп айтты.

Оппозиция Грузияның қазіргі билігін "елді халықаралық қауымдастықтан оқшаулап, кремльшіл саясат жүргізіп отыр" деп айыптап жүр. Оппозиция күштерінің ұраны – "Халыққа қамқорлық, жемқорлықпен күрес, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылу, Ресейдің ықпалына жол бермеу".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG