Accessibility links

Путин Ресейде КХДР солдаттары жаттығып жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір айтты


Ресей президенті Владимир Путин БРИКС саммитінен соң баспасөз мәслихатында отыр. Қазан қаласы, 24 қазан, 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин БРИКС саммитінен соң баспасөз мәслихатында отыр. Қазан қаласы, 24 қазан, 2024 жыл.

Қазан қаласында өткен БРИКС саммитін қорытындылаған баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин Украинамен соғысқа қатысу мақсатында Ресей аумағына Солтүстік Корея әскері келді деген жаңалыққа қатысты пікір айтты.

NBC News тілшісі Ресейде КХДР солдаттары жүргенін дәлелдейтін спутник суреттеріне сілтеп, Путиннен олардың мақсаты жайлы сұрады.

«Сурет деген – өте салмақты нәрсе. Сурет бар болса, демек бұл бірдеңені білдіреді» деді Путин.

Бұған қоса Ресей президенті мемлекеттік дума Солтүстік Кореямен стратегиялық серіктестік келісімін ратификациялағанын да айтты. Бұл келісімде өзара әскери көмек көрсету туралы да айтылған.

«Солтүстік Корея басшылығы біздің келісімдерге байыппен қарайтынына ешқашан күмәнданбағанбыз. Ал нені, қалай жасайтынымыз осы баптың аясындағы өз шаруамыз болады» деді Путин.

Пхеньян Украина аумағында майдан даласына солдаттарын жіберуі ықтимал деген болжамды Оңтүстік Корея қорғаныс министрлігі қазанның басында-ақ айтқан. 18 қазанда Оңтүстік Корея барлау қызметі Қиыр Шығыстағы Ресей полигондарында 1,5 мың КХДР сарбазы жүр деген мәлімет таратты. Батыс басылымдары дереккөздерінің қолында бар ақпарат бойынша, әскер саны әлі де арта түсуі мүмкін.

БРИКС жиынының соңғы күнінде БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш сөйледі. Ол БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес заң үстемдігі және барлық елдің аумақтық тұтастығы принципін негізге ала отырып әскери қақтығыстардың бәрін, соның ішінде Украинадағы және Таяу Шығыстағы соғысты тоқтатуға шақырды.

Гутерриш Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесін реформалар қажеттігін де айтты. Оның ойынша, Қауіпсіздік кеңесі «қазіргі әлемнің көрінісі» болуы керек, оның құрамында дамушы ел өкілінің болмауы дұрыс емес деді Гутерриш.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG