Accessibility links

Тоқаев БРИКС+ саммитінде: Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды қолдайды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Қазан қаласында өтіп жатқан 16-шы БРИКС саммитіне қатысып отыр. Татарстан, Ресей, 24 қазан, 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Қазан қаласында өтіп жатқан 16-шы БРИКС саммитіне қатысып отыр. Татарстан, Ресей, 24 қазан, 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өтіп жатқан 16-шы БРИКС саммитінің БРИКС+/аутрич форматындағы жиынында Астана Украина бойынша Қытай мен Бразилияның бейбіт жоспарын құптайды деп мәлімдеді. Тоқаев бұл сөзін осыған дейін де айтқан.

Тоқаевтың сөзінше, БРИКС өзара тиімді ынтымақтастыққа ниетті көптеген ел назарын аударатын ғаламдық орталыққа айналып келеді. Қазақстан президенті "өзара құрмет пен серіктестік, бірлесе өркендеу қағидатына негізделген келешектің іргесін қалауға БРИКС-тің тәжірибесі де, мүмкіндігі де жетеді" деді. Тоқаев БРИКС-тің көпжақты күші БҰҰ қызметін толықтыра түседі деп есептейді.

Қазақстан президенті Астана "Еуразияның тең әрі біртұтас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Ресей тұжырымдамасын жоғары бағалайды. Оның түп негізінде геосаяси қысымды азайту ниеті жатыр" деп мәлімдеді. Тоқаев саммитте Астана Қытайдың ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасын қолдайды деген.

Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдайтынын білдірген. Ол Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды, оның қатарына Африка, Латын Америкасы, Азия елдерінен жаңа мүшелер қосып, кеңейтуді қолдайды деп айтты.

Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде "жаһандық Оңтүстік" елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеген. Оның сөзінше, БРИКС ұйымы ғаламдық басқару құрылымында орта державалар мен дамушы экономикалар үлесін арттырып, бұл үдерісте негізгі рөл атқара алады.

"БРИКС-ке мүше елдермен Қазақстанның сауда-саттық айналымы қарқынды өсіп келе жатыр" деген Тоқаевтың айтуынша, 2023 жылы бұл көрсеткіш Астананың сыртқы сауда көлемінің жартысына жеткен.

Көлік-транзит саласы туралы сөзінде Тоқаев "Бір белдеу, бір жол", "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізі және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бастамалары аясындағы өзара байланысты нығайту жайлы айтқан.

БРИКС ұйымына тоғыз ел – Бразилия, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Иран, Қытай, Оңтүстік Африка республикасы, Үндістан, Ресей және Эфиопия мүше.

Қазақстанға да БРИКС қатарына қосылу туралы ұсыныс жасалған. Астана таяу арада БРИКС ұйымына мүше болуға өтініш бермейтіні Қазандағы саммит басталардан бір жұма бұрын айтылды. Тоқаев 23 қазанда Қазанға ұшып барған. Саммитке 36 елдің өкілі, алты халықаралық ұйымның жетекшісі қатысып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG