Accessibility links

"Қазақмыс" кеңсесінде "адам өлтіруге оқталу" ісі: Марқұмның ұлы экспертизаны қайта өткізуді сұрайды


оғызбай Тажбенов
оғызбай Тажбенов

Қарағанды облысының әкімшілік орталығы Қарағанды қаласында "Кәсіпқорған" кәсіподағының жетекшісі Тоғызбай Тажбеновтің "Қазақмыс корпорациясының" кеңсесіндегі қазасына қатысты сот жалғасты. Тажбеновтің өлімінен кейін сотқа оның жақындары қайырылған. Олар Тажбеновтің "Қазақмыс" тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұловты өлтіруге оқталмағанын дәлелдегісі келеді.

Тажбенова Мініғұловты суық қарумен өлтірмек болды деп айыпталған. Сот отырысы коронавирус шектеулеріне байланысты онлайн өтіп жатыр.

17 тамыздағы процесте Қарағанды облысы сот экспертизасының сот психиатриясы бөлімінің маманы сұралды. Тажбеновтің ұлы мен адвокаты экспертиза кейбір сұрақтарға жауап берген жоқ деп психологиялық-психиатриялық сараптаманы қайта жүргізуді сұрайды. Олар Тажбеновтің өзіне қол жұмсауына не түрткі болғаны анық емес деп санайды. Адвокат Тажбенов аффект жағдайында болды деп есептейді. Сарапшы "психикалық күйзеліс белгілері анықталмады, қайтыс болған адамға қайта сараптама жүргізу негізсіз" деді.

Отырыс кезінде бірнеше куәгерден жауап алынды. Тажбеновтің ұлының сөзінше, сотта сөйлеген куәгерлердің бірі әкесін қызметінен алу үшін науқан жүргізген. Ал кәсіподақ басшысының бұрынғы орынбасары сотта "Кәсіпқорғанды" басқаруға талпынбағанын, Тажбеновке ешқандай науқан жүргізбегенін айтты. Тажбеновтің ұлының сөзінше, әкесі көзі тірісінде "жала жабу" бабы бойынша сотқа шағымданбақ болып жүрген.

Тажбенов биыл 21 қаңтарда Жезқазғанда қайтыс болды. Полиция Тажбенов "Қазақмыс" кеңсесінде корпорация директоры Мініғұловтың арқасына пышақ сұғып, корпорация маманы Сабыржан Тембаевтың кеудесін жарақаттады деген.

Полиция бұл мәлімдемені куәгерлердің сөзіне сүйеніп жасаған. Куәгерлер Тажбенов өз кеудесіне пышақ сұғып, сол жерде қайтыс болғанын айтқан. Мініғұлов пен Тембаев ауруханаға жеткізілген. Кейін прокуратура кеңседе оқ атылғанын, қаруды Тажбенов әкелгенін, оқтан ешкім зардап шекпегенін мәлімдеді.

"Қазақмыс корпорациясы" 2014 жылы құрылды. "Қазақмыс корпорациясы" қауымдастығы құрамына "Жезказғанцветмет", "Балқашцветмет", "Қарағандыцветмет" және бірнеше байыту фабрикасы кіреді.

Қауымдастық мыс, алтын, күміс және қорғасын өндіреді. "Қазақмысқа" Forbes тізіміндегі қазақстандық Владимир Ким иелік етеді. Америкалық журнал оның байлығын 4,6 миллиард доллар деп есептеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG