"Ірі ел қанатының астына алды". Қазақстаннан пана таба алмаған қарақалпақтар АҚШ-қа кетті

Қарақалпақ белсенділер Раиса Құдайбергенова (сол жақта), Тілеубике Юлдашева (ортада) және Жангелді Жақсымбетов АҚШ-қа жеткен соң Қарақалпақстан туын ұстап тұр. 15 қазан, 2024 жыл.

Өзбекстанның сұрауымен ұсталып, Қазақстанда бір жыл қамауда отырған төрт қарақалпақ белсенді АҚШ-қа жетті. Ташкент "конституциялық құрылымды бұзуға талпынды" деп айыптаған олар өздеріне пана болатын ел іздеп, мұхит асуға мәжбүр болды.

Туған елінде биліктің қудалауына ұшырап, Қазақстанға кетуге мәжбүр болған, алайда бұл елден де пана таба алмаған қарақалпақ белсенділері АҚШ-қа жеткеннен кейін Азаттық тілшісі олармен видеобайланыс арқылы хабарласты.

Күздің қоңыр күні. Жасыл желек жамылған саябақта алаңсыз серуендеп жүрген адамдар көзге шалынды, әлдебір адамның гитараға салып шырқаған әні әуеде қалықтап тұр.

Бір жылға созылған сергелдеңнен соң Қазақстаннан ұшақ мініп аттанып, мұхит асып барған қарақалпақ белсенділер АҚШ-тағы осы қалаға ат басын тірепті.

– Қауіпсіздікті ойлағандықтан, нақты қай қалада екенімді айта алмаймын. Бірақ жағдайымыз да, көңіл-күйіміз де жақсы. Мен енді азат адаммын! Отандастарымды да, өзімді де үлкен держава қанатының астына алды, – деді АҚШ-тан пана тапқан төрт қарақалпақ белсендінің бірі, 40 жастағы Тілеубике Юлдашева Азаттыққа.

Қазақстаннан АҚШ-қа кеткен қарақалпақ белсенді Тілеубике Юлдашева. 2024 жылдың қазан айы.

Саябақтағы орындықта отырған Тілеубикенің дауысы жарқын, саңқылдап естілді. Талай уақыттан бері жанын жегідей жеген уайым мен үрей артта қалғанын, енді еркін әрі қауіпсіз жердемін деп сезіне бастағанын жеткізді.

АБАҚТЫДАҒЫ ОН ЕКІ АЙ

Тілеубике Юлдашева 2020 жылдың қаңтарынан бері Қазақстанда тұрды. Өзбекстан билігі 2022 жылғы шілденің басында болған Нөкіс оқиғасынан кейін Юлдашеваға "конституциялық билікке нұқсан келтірмек болды" деген айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған.

2022 жылғы 13 қарашада Ақтөбе облысындағы "Жайсаң" шекара бекетінде Ресейге өтпекші болған Тілеубике Юлдашеваны Қазақстан билігі тоқтатып, қамаған. Ол бір жыл бойы Ақтөбедегі изоляторда отырды. Қапастағы әр күні өзін қазақ билігі Өзбекстанға беріп жібере ме деген үреймен өткен Тілеубикеге ол 12 айда тартқан жан азабы ешқашан бітпестей болып көрінген.

Тілеубике Юлдашева 2023 жылғы 13 қарашада қамау изоляторынан бостандыққа шықты.

Астана Юлдашеваны Өзбекстанға берген жоқ. Бірақ өздерін паналатуды сұраған Тілеубикенің және ол тәрізді 2022 жылы жазда Нөкісте үкіметке талабын жеткізбек болған бейбіт халыққа қолдау білдіріп, өз ой-пікірін ашық айтып жүрген өзге де қарақалпақ белсенділерінің өтінішін қанағаттандырудан да бас тартты. Бұдан кейін олардың тағдыры қыл үстінде тұрғандай еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Көз алдымда кеудесі қақ бөлінді". Нөкістегі шеру мен қантөгісті көрген адамның әңгімесі

2022 жылы Өзбекстан билігінің Конституцияға Қарақалпақстан автономиялы республикасын егемен статусынан айыруды көздейтін өзгерістер енгізу бастамасына наразы болған мыңдаған адам Нөкістің орталық алаңына шықты. Билік жаппай наразылықты қатыгездікпен басып-жаншыды. Ресми дерек бойынша, 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған.

Қарақалпақстандағы қантөгістен кейін Өзбекстан билігі даулы өзгертулерді заң жобасынан алып тастауға мәжбүр болды. Алайда билік онымен шектелген жоқ: ел аймақтарында қуғын-сүргін басталды. Жүздеген қарақалпақ белсенді қамауға алынды. Наразылық лидерлерінің бірі, қарақалпақ тілінде шығатын "Ел қызметінде" газетінің бұрынғы бас редакторы, заңгер Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты", "билікті басып алу мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, 16 жылға сотталды. Оның қамауда отырғанда азапталғаны туралы арыз-өтініштері де, Тәжімұратовты дереу босатуға шақырған халықаралық құқық қорғау ұйымдарының үндеулері де еленбеді.

Нөкіс қантөгісінен кейін Ташкент "тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған" сыртқы күштерді айыптады. Қуғын-сүргінге Қазақстанда тұрып жатқан қарақалпақ белсенділері де ұшырады. Солардың бірі – Тілеубике Юлдашева. Тамақтандыру саласында жұмыс істеген ол Қарақалпақстанда 2013-2014 жылдары қоғам белсендісі ретінде көзге түсе бастаған. Өз айтуынша, Қарақалпақстанның тәуелсіздігін қолдайтын акцияларға белсенді түрде қатысып, биліктен адам құқығын сақтауды талап еткен. Көп ұзамай өзбек билігінің қырына ілінгеннен кейін Қазақстанға кетуге мәжбүр болған.

2022 жылғы Нөкіс оқиғасынан кейін Қазақстанда, Тілеубике Юлдашева сияқты кейінгі жылдары осы елде тұрып жатқан қарақалпақ белсенділер Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова Ташкенттің сұрауы бойынша ұсталып, қамауға алынды. Олар өздеріне Өзбекстан билігі "конституциялық құрылымын бұзуға тырысты" деп таққан айыпты жоққа шығарып, бар болғаны Қарақалпақстанды егемен республика статусынан айыруға қарсылығын білдіріп, әлеуметтік желіде ой-пікірін ашық білдіргеніне бола қудаланып жатқанын айтты. Бесеуі де Қазақстанда бір жыл абақтыда отырып шықты. Қазақстанның қылмыстық-процестік кодексі бойынша, басқа мемлекет өзіне беруді талап етіп отырған адам 12 айға дейінгі мерзімге қамалуы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бар айыбым – қарақалпақпын". Атамекенде де, шетелде де қуғын көргендер

2023 жылы қазанда Еуропаға барып, Варшавада адам құқы бойынша өткен жиында өз отанындағы қуғын-сүргін жайлы баяндаған Қошқарбай Төремұратовтың өзін паналатуын сұрап берген өтінішін қазір Польша билігі қарап жатыр.

15 қазанда Тілеубике Юлдашевамен бірге Қазақстаннан АҚШ-қа Түркия арқылы ұшып, Жангелді Жақсымбетов пен Райса Құдайбергенова де барды, олар өз отбасын да бірге ала кеткен. Ал туысының құжатын рәсімдеу жұмысымен бөгелген Зиуар Мирманбетова олардан бір жұма кешігіп, бала-шағасымен бірге 23 қазанда АҚШ-қа аттанған.

– Табаным Америка топырағына тигенше жаным байыз таппады. Өйткені өзбек тарабы бізді кез-келген уақытта ұрлап әкетуі мүмкін еді. Сенімді дереккөздің мәліметінше, өзбек қауіпсіздік қызметінің адамдары 15 қазан күні Алматыдан бізбен бірге Стамбұлға ұшқан (оның рас екенін тексеру мүмкін болмады – ред.), – деді Тілеубике Юлдашева.

Венада тіркелген Freedom for Eurasia ("Еуразия үшін бостандық") тобының құқық қорғаушысы Лейла Назгүл Сейтбектің Азаттыққа айтуынша, қарақалпақ белсенділерін АҚШ-қа жөнелту құқық қорғаушылардың күш-жігерінің арқасында іске асқан.

"Еуразия үшін бостандық" ұйымының жетекшісі Лейла Назгүл Сейітбек

– Оларды орналастырумен жергілікті құқық қорғаушы ұйымдар мен көші-қон қызметтері айналысады. Олар жергілікті құжат жасатып, тренингтерден өтіп, жұмысқа орналасады. Өзбек билігі тарапынан төнер қауіп бары себепті олар нақты қай жерде екенін құпия ұстау керек, – деді Лейла Сейтбек.

Қарақалпақ белсенділерінің визасы мен өзге де құжаттарын әзірлеу жарты жыл уақыт алған. Олар осы кезеңде ағылшын тілін оқып, үйренген. Қазақстан аумағынан шығып кеткенге дейін жоспарын барынша құпия ұстауға тырысқан.

– Қазақстан маған бөтен ел емес. Қаншама отандасым еңбек мигранты ретінде қазақ жерінен нанын тауып, отбасын асырап жүр. Өзім де бес жылдай қазақтың нанын жедім. Әрине, қарақалпақ белсенділеріне Қазақстан босқын мәртебесін бермеді. Бірақ бізді экстрадициялап та жібермеді. Үшінші елге шығуға мүмкіндік бергеніне разымын, – деді Тілеубике Юлдашева.

Құқық қорғаушы Денис Дживага

Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро жетекшісі, құқық қорғаушы Денис Дживага егер қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанған беріп жібергенде "олардың тағдыры адам қызығарлықтай болмас еді" дейді.

Бюро заңгерлері өз отанында қудаланған қарақалпақтардың Қазақстаннан босқын статусын сұрауына, саяси баспана беру мәселесін қарастыратын комиссия олардың өтінішін қанағаттандырмай тастағаннан кейін сотқа шағымдануына көмектескен.

– Қазақстан қарақалпақ белсенділеріне босқын статусын бермесе де, оларды экстрадицияламады, барлық арыз-шағымдары қаралуына мүмкіндік берді, олардың елден шығып кетуіне кедергі жасамады, – деді Дживага Азаттыққа. – Осы жолы Қазақстан халықаралық құқық талаптарын кей жағдайда болса да сақтайтынын көрсетті, құқық қорғаушы ретінде бұны атап өткім келеді.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАМАУДА ОТЫРҒАН ҚАРАҚАЛПАҚТАР

Қазақстандағы қарақалпақтар диаспорасының жетекшісі Ақылбек Мұратбай (Мұратов) қазір Алматыда абақтыда отыр. Оны 2024 жылы ақпанда Өзбекстан билігінің сұрауы бойынша ұстап, қамаған. Өзбек билігі Мұратовқа "конституциялық құрылымды бұзуға тырысты" және "тәртіпсіздіктер жасауға шақырды" деп айып таққан, Мұратбай оны "жала" деп атады. Қазақстан оған пана беруден бас тартқан.

Нөкістегі қантөгістен кейін Мұратбай отанындағы адам құқығы мәселесін көтеріп, Нөкіс оқиғасын әділ, ашық тергеуді талап еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақ-өзбек "тандемі": Орталық Азияға жақсы, қарақалпақ белсенділеріне жайсыз

Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова, Зиуар Мирманбетова мен Тілеубике Юлдашева абақтыға қамалғаннан кейін Мұратбай дабыл қағып, құқық қорғаушылар мен журналистерге қайырылған. Сол кезде ол диаспора атынан Еуропарламент депутаттары мен халықаралық адам құқығын қорғайтын ұйымдарға бірнеше рет үндеу жасап, хат жолдағанын Азаттыққа айтқан еді.

Денис Дживага Мұратбайдың да мәселесі оң шешіліп қалар деп үміттенеді, бірақ ол әлі абақтыда отырғандықтан, бұл туралы айтуға ерте деп санайды.

Ақылбек Мұратбайдан өзге Қазақстанда ұлты қарақалпақ тағы екі адам – Өзбекстан азаматтары Ринат Утамбаев пен Расул Жұманиязов абақтыда отыр.

АҚШ-қа қоныс аударған қарақалпақ белсенділерін Қазақстанда қамауда отырған отандастарының тағдыры алаңдатады. Олар халықаралық құқық қорғау ұйымдарына үндеу жолдап, ой-пікірі бір бұл адамдарды Қазақстан Өзбекстанға беріп жібермеуі үшін олардың мәселесіне араласуын сұраған.

– Біз халықаралық ұйымдармен байланысымызды үзбейміз. Өйткені Өзбекстанда адам құқықтары тапталып жатыр. Нөкіс оқиғасы әділ тергелген жоқ. Өз халқының азаттығы үшін күрескен Дәулетмұрат Тәжімұратов пен өзге де саяси тұтқындар түрмеде отыр. Біз өзімізге белгілі жайттарды БҰҰ-на әлі де жаза береміз. Қарақалпақстанның бір күні азат ел болып, түбінде отанымызға оралатынымызға еш күмәнім жоқ, – деді Тілеубике Юлдашева.

Қазақстаннан АҚШ-қа кеткен белсенді Тілеубике Юлдашева. 15 қазан, 2024 жыл.

Бірақ әзірге ол АҚШ-та жаңа өмірге бейімделіп жатыр. Отанынан ондаған мың шақырым алыста жүрген Тілеубике туған елі Қарақалпақстанның кең байтақ даласын сағынғанын айтты. Нөкіс қаласына бармағалы бес жыл болыпты.

– Қарақалпақстан астанасы Нөкістің орталығында Игорь Савицкий атындағы өнер музейі бар. Соның жанындағы алаңда серуендегенді жаным сүйетін еді. Сол жерде Қарақалпақстанның ең үлкен байрағы тұр. Елден інім мен ұлым [видеобайланыс арқылы] хабарласқанда реті келсе, сол алаңды көрсетші дейтінмін, – деді алыстағы АҚШ қаласындағы саябақта отырған Тілеубике. – Дәл қазір де Нөкістегі сол алаңды ойлап отырмын...