Атырау соты итті қинап өлтірген екі адамның бостандығын жарты жылға шектеді

Қазақстан картасындағы Атырау облысы

28 қазанда Атырау облысында итті тірідей өртеп жібергендер ісі бойынша сот үкімі шықты. Облыстың кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты итті қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған 21 және 17 жастағы екі жігіттің бостандығын жарты жыл мерзімге шектеді.

Оқиға биыл 19 маусымда Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр ауылына жақын жерде болған. Соттың мәліметінше, айыпталушылар көшеде жүрген итті ұстап, оны бағанаға байлаған. Біреуі жануардың үстіне жанармай құйып, өртеген, екіншісі оны темірмен бірнеше рет ұрған. Видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен бұл шектен шыққан оқиға жұрттың наразылығын туғызған.

Итті қинап өлтірген деген күдікпен ұсталған Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының екі тұрғынының үстінен Қылмыстық кодекстің "Жануарларға қатыгездiкпен қарау" бабы бойынша іс қозғалған. Сот куәлердің жауабы, оқиға орнындағы дәлелдер олардың кінәсін толық дәлелдеді деп үкім шығарды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан қоғамында итке қамқорлық жасайтын да, қатыгездік танытатын да бар

Сотталушылар кінәсін мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді. Сот олардың бұрын сотталмағанын, жасын және ісіне өкінгенін ескеріп, екеуіне де бас еркіндігін алты айға шектейтін жаза кесті. Прокурор да осындай жаза сұраған.

Оқиғаны видеоға түсіріп, желіге салған үшінші адам туралы ақпарат жоқ. Сот таратқан баспасөз хабарламасында "сотталушыларға қатысты айыптың "жария түрде немесе масс-медиа, телекоммуникация желілері немесе онлайн платформалар арқылы жасалды" деген белгісі дәлелденбеген соң, бұл тармақ айыптан алынды" деп жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өлтіруді заңдастырғысы келеді". Жануарларды қорғаушылар неліктен заңға өзгерістер енгізуге қарсы?