WP: Мәскеу түбіндегі әскери ғылыми зерттеу институты совет дәуіріндегі биозертхананы үлкейтеді

Кейінгі екі жылда Мәскеу түбіндегі Сергиев Посад атты жабық әскери қалашықта совет дәуіріндегі биозертхана аумағы кеңейтілген. Бұл жөнінде спутник суреттерінің сараптамасына жүгінген Washington Post басылымы жазды.

Аумағы 23 мың шаршы метрден асатын жаңа кешен Сергиев Посад-6 жабық әскери қалашығының аумағында салынып жатыр. Онда қорғаныс министрлігінің ғылыми-зерттеу институты орналасқан.

The Washington Post басылымының жазуынша, жаңа ғимараттың кейбір бөлігінде патогендермен жұмыс істейтін биозертханаға тән ерекшеліктер байқалады. Аталған нысанда белсенділік Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше айдан кейін анықталған.

Басылымның жазуынша, салынып жатқан нысан ерекше қорғалатын ғимараттар қатарында. Мұны ғимараттың төбесіндегі ауа сүзгіш қондырғылар, жерасты инфрақұрылым, қауіпсіздік шаралары мен ғимарат жоспарына қарап анықтауға болады. Басылым дереккөзінің сөзінше, ықтимал зертхана аумағында электр станциясы да бар.

Басылымның ақпаратынша, Америка барлау қызметінің сарапшылары нысанда совет кезінде зерттеліп сыналған вирустар коллекциясы сақталған болуы мүмкін деп санайды.

Сергиев Посад-6 әскери қалашығы Ресей қорғаныс министрлігіне қарасты 48-ші орталық ғылыми-зерттеу институтында орналасқан. Ғылыми-зерттеу институты ресми түрде әскер мен халыққа аса қауіпті инфекциялардан қорғайтын медициналық қорғаныш киімдерін шығарады. Ресми тұлғалардың сөзінше, елді биотерроризм және індеттерден қорғау үшін зертханаларда өте қауіпті вирус түрлері зерттеліп жатыр.

Мамыр айында АҚШ аталған институтқа санкция салған. Вашингтонның пікірінше, ол химиялық және биологиялық қару шығаруға көмектескен. Ғылыми зерттеу институты сонымен бірге 2018 жылы ГРУ-дың бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен оның қызына шабуыл кезінде пайдаланылған химиялық қару өндірісіне қатысы бар деп айтылады.

Мамыр айында АҚШ пен одақтастары Ресейді Украинадағы соғыста химиялық қару пайдаланды деп айыптаған. Сол кезде АҚШ химиялық қаруға тыйым салуы туралы конвенцияны бұзғаны үшін Ресейге санкция салған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Ресей украин әскеріне қарсы хлорпикрин атты улы зат пайдаланған. Бұл зат химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның қара тізіміне енген.

Ресей билігі мұндай айыптауларды жоққа шығарған.