Қызылордада секс-құлдықта болған оқушы ісі бойынша сот жабық өтеді

Сенат депутаты Марат Қожаев

Ішкі істер министрінің бұрынғы бірінші орынбасары, қазіргі сенат депутаты Марат Қожаев Қызылордада секс-құлдықта болған оқушы ісі бойынша сот жабық өтеді деп хабарлады. Себебі жәбірленуші мен кейбір күдікті кәмелет жасқа толмаған.

24 қазанда парламент үйінде журналистер сұрағына жауап берген Қожаев іс бойынша қорытынды жасауға әлі ерте деп мәлімдеді. Бұл жөнінде "Власть" сайты жазды.

"Бұл оқиғаның жай-жапсарын білмей тұрып, қорытынды жасауға әлі ерте. Сот болады. Сотта істің егжей-тегжейі анықталғанда, нақты құқықтық баға берілгенде, шындықты білетін боламыз", – деді Марат Қожаев.

"Қоғамда резонанс болмаса, қыздың үй-ішіне қауіпсіз болар ма еді?" деген сұраққа сенат мүшесі өзі құқық қорғау органдарында 30 жыл жұмыс істегенде мұндай оқиғаларды көп көргенін, "қоғамдағы талқылауларсыз-ақ әділ және объективті шешімдер қабылданғанын" айтты.

"Қазір түрмеде отырған көп қылмыскердің ісі бойынша ешқандай резонанс болмаған. Сотта сіздер әлеуметтік желілерде көтерген шу емес, процестік дәлелдер ғана бағаланады. Дәлелдер болса, кінәлілер жазаға тартылады", – деді сенат депутаты.

Марат Қожаев "журналистер ақпарат кеңістігінде жағдайды даурықтырып отыр", ал "халықтың басым бөлігі Қазақстанның құқық жүйесіне сенеді" деп мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құрбылары секс-құлдықта ұстады деген оқушының хикаясы

Қызылордада сыныптастары бірнеше ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген қыздың хикаясы Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірген еді. Бұл туралы тамыздың ортасында NeMolchi.kz қоры хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, үш қыз бен бір жігіттен тұратын топ оны "жалаңаш суретіңді жариялаймыз" деп бопсалап, қысым көрсеткен. Қоқан-лоқымен телефонын тартып алған, жыныстық қызмет көрсетуді жарнамалайтын сайтқа тіркелуге мәжбүрлеген, оған есірткі де берген.

Облыстық полиция департаменті күдіктілер ұсталып, қамауға алынды деп хабарлаған. Полиция істің жай-жапсарын айтқан жоқ. 21 қазанда іс бойынша 11 адам күдікті деп танылғаны белгілі болды, олардың бесеуі – кәмелет жасқа толмаған. Тоғыз күдікті қамауда отыр, екеуі үйқамаққа жіберілген.