Қазақстан мұнай өнімдерін ЕАЭО аймағынан шығаруға салынған тыйымды 2026 жылдың аяғына дейін созбақ

Шымкентте дизель отынын алуға кезек күтіп тұрған көліктер. 22 маусым, 2021 жыл.

Қазақстан мұнай өнімдерін Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) аймағынан тыс жерге шығаруға салынған тыйымды 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартпақ. Бұл туралы энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Энергетика министрінің "Еуразия экономика одағының кеден аймағынан тыс жерлерге Қазақстаннан экспорттауға тыйым салынған немесе шектеу қойылған мұнай өнімдері тізімін бекіту туралы" 2023 жылғы 24 наурыздағы №118 бұйрығына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрық жобасы "Ашық үкімет" сайтында 7 қарашаға дейін қоғам талқысына шығарылған. Мұның алдындағы шектеу 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін қойылған.

Министрліктің мәліметінше, елде АИ-92 бензині мен дизель отынын тұтыну артқан. Қаржы мониторингі агенттігінің ақпаратына сәйкес, ай сайын Қазақстаннан 10 мың тоннаға жуық отын басқа тауар түрі деп көрсетіліп, заңсыз шығарылады. Бұл Қазақстандағы отын бағасының басқа елдерге қарағанда арзан болғанына байланысты деді энергетика министрлігі.

Министрлік мұнай өнімдерін ЕАЭО-дан тыс жаққа шығаруға тыйым салу – баж салығынсыз тасымал талаптарын орындауға, ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығы құрылғанға дейін импортталатын мұнай өнімдерінің реэкспортын алып тастауға мүмкіндік береді деп есептейді. Энергетика министрлігінің ақпаратынша, тыйым ел ішіндегі бензин мәселесін шешуге де жол ашады.

Еуразия экономика одағына Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан мен Армения мүше. Молдова, Өзбекстан мен Куба оған бақылаушы мемлекеттер ретінде қатысады. Вьетнам, Сингапур мен Сербия одақпен екіжақты еркін сауда аймағын құрған, 2024 жылы оларға Иран қосылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Былай тартсаң, арба сынады, олай тартсаң, өгіз өледі". Қазақстанда жанармай неге қымбаттады?