Қарақалпақ белсендісі: Польша босқын мәртебесі жөнінде өтініш қаралғанша осында қалуды міндеттеді

Қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов.

Осы аптада Австриядан шығарылып, Польшаға жеткізілген қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов 1 наурызда X желісінде "Польша соты мені босатты. Босқын мәртебесіне қатысты процедуралар қаралғанша Польшада қалуға міндеттеді" деп жазды.

Бір күн бұрын құқық қорғаушылар Төремұратов Варшавадағы әуежайда уақытша ұстау изоляторында отырғанын хабарлаған. Оған Өзбекстанға экстрадиция қаупі төнген.

"Баспана сұрап, арыз жаздым. Сол арыз қаралғанша Польша аймағынан шықпауым керек екен. Сот сондай міндеттемемен мені босатты" деді 1 наурызда түнде Қошқарбай Төремұратов Азаттыққа.

Бұған дейін Freedom for Eurasia тобының басшысы, құқық қорғаушы Лейла Назгүл Сейітбек Польшада оған қысым көрсеткенін айтқан.

"Польшада оған Өзбекстан азаматтарына босқын мәртебесі жоқ екенін айтқан. Оған айғайлап, қысым көрсетіп, поляк тіліндегі қағаздарға қол қоюға мәжбүрледі" деді құқық қорғаушы. Әзірге белсендінің қандай құжатқа қол қойғаны белгісіз.

48 жастағы қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов Австрияға былтыр күзде – Варшавада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) конференциясына қатысу үшін кеткен. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Төремұратов конференцияда сөз сөйлеп, өз елінде қарақалпақтардың үнемі дискриминацияға ұшырайтынын мәселе етіп көтеріп, өзбек дипломаттары тарапынан өзіне қауіп төніп тұрғанын да мәлімдеген. Содан кейін ол Австрияға барып, саяси баспана сұраған. Ақпан айының ортасында Төремұратов Азаттық тілшісіне Австрия билігі саяси пана бермегенін айтқан.

Төремұратов Австрияға кетпей тұрып бір жыл Қазақстанда қамауда болды. Оны Өзбекстан "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, іздеу жариялағаннан кейін Қазақстан билігі қамауға алды. Белсенді 2023 жылы күзде босап шықты. Бірақ өзі Өзбекстанның экстрадициялау туралы сұрауы қайта күшіне енетін болса, тағы да қамалуы мүмкін екенін жоққа шығармаған

Қарақалпақстанда 2022 жылғы шілдеде болған ірі қантөгістен кейін Қазақстанда жүрген қарақалпақ белсенділері қысымға ұшырағанын айтып шағымдана бастаған. Қарақалпақтың бірнеше белсендісі Өзбекстан билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталып, бір жылдан кейін босап шықты. Олардың қатарында Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар. Құқық қорғаушылар Өзбекстан билігінің сұрауы әлі күшінде екенін, белсенділер Қазақстаннан экстрадициялануы мүмкін екенін айтады. Бұған дейін халықаралық Human Right Watch адам құқығын қорғау ұйымы Астананы қарақалпақ белсенділерін еліне қайтармауға үндеп, олардың өміріне қауіп төніп тұр деп мәлімдеген еді.