"Орталық Азия – АҚШ" саммиті: Ортақ мәлімдемеде энергетика қауіпсіздігі айтылады, адам құқығы жайы сөз болмайды

АҚШ президенті Джо Байден (ортада), АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен (оң жағынан үшінші) және Орталық Азияның бес мемлекетінің басшысы.

21 қыркүйекте Ақ үйдің сайтында БҰҰ Бас ассамблеясының 78-сессиясы барысында өткен "Орталық Азия – АҚШ" немесе "C5+1" президенттер саммитінің ортақ мәлімдемесі жарияланды. Мәлімдемеде негізінен аймақтағы энергетика қауіпсіздігі мәселелері айтылады, адам құқығы жайы сөз болмайды.

АҚШ, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан президенттері атынан жасалған ортақ мәлімдемеде олардың әріптестігі барлық елдің территориялық тұтастығы мен егемендігі, тәуелсіздігін құрметтеуге негізделгені және "C5+1" платформасы арқылы әріптестікті нығайтуға бейілдігі жазылған.

"Бейбітшілік пен өркендеу ұмтылысынан айнымаған біз аймақтың күрделі сын-қатері мен күрделі мәселелерін шешу үшін тұрақты әріптестікті қолдаймыз. Аймақ, ғаламдық мәселелердің шешімін іздегенде "C5+1" мақсаттарын басшылыққа аламыз. Орталық Азияда қауіпсіздікті арттыратын, экономикалық тұрақтылықты үдететін, тұрақты дамуды қолдайтын, климаттың өзгеруімен күресетін және бейбітшілікті ілгерілететін іс-шараларға адалдығымызды растаймыз" деп жазылған ортақ мәлімдемеде.

Баяндамада осындай ірі бағдарламаны жүзеге асыру үшін өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген тұрақты серіктестік қажет екені жазылған.

АҚШ пен Орталық Азияның постсоветтік елдері Ауғанстандағы жағдай аясында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты (атап айтқанда, қорғаныс, құқық қорғау және лаңкестікке қарсы күрес мәселелері) нығайтуға ниетті.

"Аймақтағы барлық ел және халықаралық қауымдастық терроризмнен азат, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын, соның ішінде әйелдер мен қыздарды құрметтейтін, өзімен және көршілерімен тату-тәтті өмір сүретін егемен және өзіне сенімді, елдегі барлық этникалық, діни және саяси топтардың өкілдерінен құралған инклюзивті үкімет құратын Ауғанстанды қолдауды жалғастыруы керек. Біз сонымен бірге Орталық Азияны Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын алға жетелейтін бейбітшілік, сенім және ынтымақтастық аймағы ретінде тануды қолдайтынымызды растаймыз" деп жазылған мәлімдемеде.

Мәтінде сонымен бірге халықаралық нарыққа жол ашуға жағдай жасайтын ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылықты нығайтатын шараларды көбейту, халықаралық инвестицияны Орталық Азияға тарту жайы айтылған. Бұған қоса, әрі қарай инвестицияға қажет көлік бағыттарын әртараптандыру және Транскаспий сауда жолын дамыту мәселесі айтылады. Орталық Азия мен Оңтүстік Азияны түйістіретін көлік желісін кеңейту мен энергетика инфраққұрылымы да сөз болады.

Бұған дейін Human Rights Watch адам құқығын қорғау үйымы АҚШ президенті Джо Байден ОА елдерінің басшылармен кездесу кезінде адам құқығы мен заң үстемдігі жағдайын қозғауға тиіс деп мәлімдеген болатын.

Ортақ мәлімдеменің шағын бөлігінде ғана адам құқығы мен заң үстемдігі саласында бірігіп жұмыс істеу мәселесі айтылады.

"АҚШ және Орталық Азия арасында байланысты білім әлеуеті, кәсіби оқыту, жастарды дамыту және алмасу мүмкіндіктері арқылы нығайта береміз. Біз аймақтағы байланыс пен өзара мәдени түсіністікті кеңейту арқылы Орталық Азиядағы жоғары оқу орындарын бұдан әрі қарай да қолдай береміз. Бұл оқу орындарында Орталық Азия мен Ауғанстандағы ер мен әйел студенттер оқиды. Бұған қоса, біз үкіметтерімізді мәдениет, білім, ғылым, әлеуметтік салада әріптестікті нығайту мақсатында жаңа мүмкіндіктерді табуға шақырамыз. Адам құқығы, оның ішінде әйел мен бала, мүгедектер құқығын қорғауға айнымастығызды растаймыз" деп жазылған хабарламада.

Ақорданың хабарламасында адам құқығы мәселесі айтылмайды.

Мәлімдеме соңында тараптар сауда, энергетика, климат пен қауіпсіздік мәселелері бойынша C5+1 министрлер кездесуі арқылы өзара қарым-қатынасты жалғастыру және мәселені бірігіп шешу үшін жоғары деңгейде диалогты қолдау қажеттігі атап өтілген.

С5+1 – Орталық Азиядағы бес ел (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан) және АҚШ арасындағы қарым-қатынастың форматы. Бұл формат аясында алты ел экономика, экология және қауіпсіздік жөніндегі мәселелерді талқылайды.