Accessibility links

Қазақстанда АЭС салу туралы референдумге дауыс беру. Алматы облысы Үлкен ауылы, 6 қазан 2024 жыл.
Қазақстанда АЭС салу туралы референдумге дауыс беру. Алматы облысы Үлкен ауылы, 6 қазан 2024 жыл.

Қазақстанда АЭС салу туралы референдум қалай өтті?

Қазақстанда АЭС салу бойынша референдумге дауыс беру аяқталды. Таңертеңгі сағат жетіде елде 10 мыңнан астам референдум учаскесі ашылды. Жұртшылық "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап берді. Бюллетеньде "Иә" немесе "жоқ" деген екі жауап көрсетілді.

16:01 6.10.2024

"Жас сайлаушылар лигасы" бес қалада ондаған заң бұзу фактілерін анықтағанын айтты

Референдум кезіндегі дауыс беру барысын бақылап отырған "Жас сайлаушылар лигасы" заңға қайша 23 фактіні анықтағанын хабарлады.

Ондайлардың арасында дауыс беру өтіп жатқан жерге жақын тұсқа үгіт материалдарын орналастыру, фото мен видео түсіруге тыйым салу, референдум учаскесінің ашылғаны туралы хаттама бермеу, дауыс беретін кабиналардың үстіне видеокамера орнату, байқаушылардың учаске ішінде жүріп-тұруын шектеу, референдум комиссиясы мүшелерінің аты-жөнін ілмеу, алдын ала қол қойылған бюллетеньдер сияқты деректер бар деп хабарлады "Влесть" интернет-басылымы.

Бес референдум учаскесінде байқаушыларға ашылу хаттамасын бермей қойған, онсыз дауыс беруге қанша адам қатысқанын анықтау мүмкін емес деді бірлестік өкілдері.

Сағат 13-тегі дерек бойынша, Алматыда байқаушылар қадағалап отырған референдум учаскелерінде тіркелген сайлаушылардың 3 пайыздан 5 пайызға дейінгісі, Қызылорда, Петропавл, Өскеменде – шамамен 10 пайыздайы, Семейде – 15 пайызы дауыс беруге қатысқан.

15:20 6.10.2024

"Жұмысқа керек", "естелік үшін", селфи. Дауыс берген сәттен фотолар

Қазақстанда бұған дейін өткен сайлаулар мен осының алдындағы референдум кезіндегідей, бұл жолы да дауыс берген сәтін немесе дауыс беретін учаскеге келгенін растайтын фотоға түсушілер жиі байқалды. Кейбірі мұны "жұмыс орны сұратқан" десе, енді біреулер "өзіме естелік болсын" деп түсіндірді.

15:08 6.10.2024

Түркістандағы №931 референдум учаскесіндегі бақылаушы прокуратураға арыз түсірді

Түркістан қаласында №931 референдум учаскесінде бақылаушы болып отырған Құрал Сейітханұлы "карусель" әдісімен дауыс беру болды деп күдіктеніп, прокуратураға арыз түсірді

15:06 6.10.2024

ОРК халықтың референдумға қатысу белсенділігі 50 пайыздан асты деді

Қазақстанда АЭС салу туралы мәселе бойынша референдум учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. Үлкен ауылы, Алматы облысы, 6 қазан, 2024 жыл.
Қазақстанда АЭС салу туралы мәселе бойынша референдум учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. Үлкен ауылы, Алматы облысы, 6 қазан, 2024 жыл.

Орталық референдум комиссиясы (ОРК)Қазақстанда 6 қазанда өтіп жатқан референдумға халықтың қатысу белсенділігі 50 пайыздан асты деп хабарлады. Қазақстан заңы бойынша, референдум сайлаушылардың 50 пайыздан астамы қатысқан кезде өтті деп саналады.

ОРК сағат 14.00-дегі жағдай бойынша халықтың референдумға қатысу белсенділігі 51,77% деп мәлімдеді.

Ресми ақпаратқа қарағанда, дауыс беру белсенділігі бойынша Шымкент қаласы 64,38% көрсеткішпен алда тұр, ең төмен көрсеткіш – Алматы қаласында (16,91%).

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі өзі барған сайлау учаскелерінде қатысу белсенділік төмен екенін айтты.

"Мысалы, қаладағы №103 учаскеде 1332 сайлаушы тіркелген. Сағат 13.47-дегі мәлімет бойынша, тек 158 адам ғана дауыс берген (яғни, сайлаушылардың 11,8% - ред.). Бұл көрсеткішті референдум комиссиясы өкілдері айтты", - деді Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі Дилара Иса.

Оның сөзінше, қаладағы №335 учаскеде бір сағат ішінде тек 7 адам ғана дауыс беруге келген.

Ал Алматыдағы бірнеше учаскеге барып көрген Азаттық тілшісі "қатысу белсенділігі аса қатты сезілмесе де жұрт дауыс беріп жатқанын" айтты.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісінде: "Алматыда сайлаушылардың референдумға қатысу белсенділігі 6%, бірақ ОСК 11.88% деп жазып қойған (бұл сағат 11-дегі мәлімет - ред.). Мен Варшавадамын, егер ОСК Алматыда сайлаушылардың 50 пайыздан астамы дауыс берді деп нәтижені қолдан жасаса, ертең елшілік алдына плакатпен шығып, "ОСК өтірік айтып жатыр" деп наразылық білдіремін" деді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG